ШҚО-да құрылыс компаниялары үйдің құнын азайтып көрсетіп, 420 млн теңге салық төлемеген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында құрылыс компанияларының салықты аз төлеу үшін жасаған түрлі схемалары әшкере болды.
ШҚО прокуратурасы көпқабатты тұрғын үйлер салумен айналысатын кәсіпкерлердің салықты толық көлемде төлеуіне қатысты талдау жүргізді. Тексеру барысында құрылыс компанияларының табысты қалай көрсететіні және салық міндеттемелерін қаншалықты адал орындайтыны зерделенді.
- Соның нәтижесінде кейбір құрылыс компанияларының салықтық міндеттемелерді төмендетуге бағытталған түрлі схемаларды қолданғаны анықталды. Атап айтқанда, сатылған тұрғын үйлердің, соның ішінде коммерциялық нысандардың құнын төмендетіп көрсеткен. Сонымен қатар сатылған пәтерлердің нақты санын жасыру жағдайлары да тіркелген, - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.
Бұдан бөлек, жекелеген мәмілелерді сыйға тарту шарттары арқылы рәсімдеу деректері анықталды. Мұндай тәсіл компаниялардың табысын жасанды түрде азайту мақсатында қолданылған.
- Талдау қорытындысы бойынша прокуратура қадағалау актілерін енгізді. Соның негізінде салық органдары тиісті тексерулер жүргізіп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 420 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да прокуратураның жер телімдерін беру рәсіміндегі заңсыз кедергілерді жойғаны хабарланған.