ШҚО-да құрылыс жұмыстары кезінде трактор аударылып, жұмысшы көз жұмды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында жұмысшы мерт болуына байланысты тергеу басталды.

трактор
Фото: ҚР АШМ

Оқиға бүгін таңертең Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында болған. Құрылыс жұмыстары кезінде трактор траншеяға аударылып, соның салдарынан 45 жастағы жүргізуші қаза болды. Марқұмның артында бес баласы қалды.

Сол жерге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы және Ұлан ауданының әкімі жедел жетті.

Өңір басшысы су құбыры желілерін салып жатқан «ТМ Тепломир» ЖШС-нің қызметіне қатысты жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады

— Мұндай жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. Болған оқиғаның нақты себептері анықталуы тиіс, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ұлан ауданының әкіміне қаза болған азаматтың отбасына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.

Еске салсақ, осыған дейін Екібастұзда жұмысшы ток соғып, мерт болғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар