ШҚО-да күштемеге шамасы жетпей электр қалқандары өртенуде
ӨСКЕМЕН. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше Семей қаласында 10-ыншы қабатта электр қалқандарының жануы салдарынан көппәтерлі тұрғын үйдің 37 адамы қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлады ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
Қою түтіннің салдарынан жоғарғы қабаттарда тұратын адамдар ғимараттан өздігімен шыға алмады. Құтқарушылардың бір тобы өртті сөндірумен айналысып жатқанда, екіншісі адамдарды қауіпсіз аумаққа көшірді. Адамдар екі сағаттай далада тұрды. Қазір тергеушілер төтенше жағдайдың себебін анықтау үстінде. 10 қабатты үйдің кіреберістерінің бірі тоқтан ажыратылды.
Өрт сөндірушілер бұл соңғы екі күнде болған екінші оқиға екендігін айтуда. Осыған ұқсас оқиға таяу күндері Өскеменде болды.
«Адамдар басты ережені есте сақтауы тиіс - 3-4 құрылғыны бір уақытта қосуға болмайды. Электр сымдары энергияның шектелген көлеміне- 1500 Вт-қа ғана есептелген», - дейді құтқарушылар.