16:43, 14 Тамыз 2015 | GMT +5
ШҚО-да қызметінен босатылған адам жұмыс берушісінің мүлкін өртеп жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО Глубоковский ауданында шаруа қожалығының бұрынғы қызметкері қасақана өрт қойды. Ол жұмыстан шығарғаны үшін бұрынғы бастығынан осылайша өшін алмақ болған, деп хабарлады YK-news.kz.
Сот органдарының ақпаратынша, агроөнеркәсіп фирмасының қызметкері ішімдікті шамадан тыс көп пайдаланған. Кәсіпорын басшысының шыдамы таусылып, бұл әрекеті үшін оны жұмысынан шығарған.
Екі күн бойы ішімдік ішкен жұмыссыз адам сіріңке алып, вагон мен шөпке от қойған. Абырой болғанда, ЖШС қызметкерлері өртті байқап қалып, құтқару қызметін шақырған. Қаскөй оқиға орнында ұсталып, полицияға тапсырылды. Алайда 11 тонна мал азығы мен шағын вагон толық жанып кетті.
Қаскөй біреудің мүлкін жойғаны үшін бір жарым жылға шартты түрде бостандығынан айырылып, келтірілген залалды толық өтеуге мәжбүрленді.