ШҚО-да ломбард тонаған баукеспе тұтқындалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан полицейлері ломбардты тонамақшы болған ұрыны қолға түсіріп, тұтқынға алды.
ІІД хабарлағандай, Курчатов бөлімшесінің полициясына әйел қоңырау шалып, қара бетперде киген белгісіз ер адам пышақпен қорқытып, ломбардтан ақша мен құнды заттарды алып кеткендігін хабарлады.
Ломбард Курчатов қаласындағы базар ғимаратының 2-қабатында орналасқан. Қарақшылық шабуыл күндіз, сағат 13.50 минутта орын алған. Әйел дыбыс шығармауы үшін оның ауызын жапсырма лентамен желімдеп, аяқ-қолын байлап тастаған. 50-ден астам алтын бұйымдар мен ақшаны олжалаған қаскүнем бой тасалаған.
Қарақшылық фактісі бойынша іс қозғалып, тәжірибелі қызметкерлер арасынан жедел тергеу тобы құрылды. Қылмысты ашу үшін және қылмыскерді тұтқындау үшін ауқымды, тыңғылықты жұмыс жүргізілді. Ол 23 жасар Семей қаласының тұрғыны болып шықты.
Барлық қымбат бұйымдар тәркіленді. Ломбард иесі шығынды 2 млн. теңгеге бағалады. Тергеу амалдары жүргізілуде.