ШҚО-да Мәңгілік алауға тауық қуырған ер адам қамауға алынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында Мәңгілік алауда тауық қуырған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамға екі бап бойынша айып тағылған.
Бірінші ол түнгі уақытта Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған жауынгерлердің аты-жөндері қашалып жазылған Мәңгілік алауда тауық қуырып, мемориал аумағын ластап кеткен. Сөйтіп, тарихи-мәдени ескерткішті қорлаған.
Одан кейін көпқабатты тұрғын үйдің подъезінде мас күйде қатты айқайлап, боқтық сөздер айтқан. Есіктерді қағып, елдің мазасын қашырып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
— Сот қаулысымен ер адам екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да Мәңгілік алауға тауық қуырғандар іздестіріліп жатқаны хабарланған.