ШҚО-да мүгедектігі бар жандарға арналған арбаларды жалға беру жүйесін енгізу ұсынылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа тәсілі талқыланып жатыр. Нақты айтқанда, қымбат құралдарды сатып алмай-ақ, уақытша пайдалануға беру жүйесі ұсынылды.
Мүгедектігі бар жандарға арналған арбаларды сатып алудың өзі талай отбасы үшін үлкен шығын саналады. Ал оқу, жұмыс істеу және өз бетінше өмір сүруге арналған арнайы құралдардың құны бұдан әлдеқайда жоғары.
Мысалы, тифлокешеннің бағасы 900 мың теңгеден бірнеше млн теңгеге дейін жетеді. Бұл жай ғана компьютер емес, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған толыққанды жұмыс орны десе де болады. Оның құрамына мәтінді дыбыстайтын бағдарламалар, үлкейткіш құрылғылар, Брайль жүйесіне арналған құралдар және өзге де арнайы техникалар кіреді.
Осы санатқа өзге де қымбат оңалту құралдары — кресло-арбалар, жүріп-тұруға арналған құрылғылар, көтергіштер, арнайы қозғалыс немесе оқу құрылғыларын жатқызуға болады. Мұндай жабдықтардың бір бөлігі уақыт өте келе пайдаланылмай қалса, дәл сол сәтте басқа адамдарға аса қажет болуы ықтимал.
— Бүгінде кейбір құрал-жабдықтардың бос жатқанын көріп отырмыз. Ал оны дәл қазір қажет етіп тұрған, бірақ қымбат болғандықтан сатып ала алмайтын адамдар бар. Сондықтан жалға беру тетігі қарастырылып жатыр. Иесі пайдаланбай тұрған құралын уақытша қолданысқа бере алады, ал мүмкіндігі шектеулі жан қажетті құралды артық шығынсыз пайдалану мүмкіндігіне ие болады, — деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл екі тарапқа да тиімді болуы мүмкін. Құрал иесі оны жоғалтпайды, ал оған мұқтаж адам қажетті оңалту құралын дәл керек кезінде пайдалана алады.
Қазіргі таңда бастама талқылау кезеңінде. Егер жоба жүзеге асса, өңірде техникалық оңалту құралдарына қол жеткізудің неғұрлым икемді тетігі қалыптасуы мүмкін, яғни, құралдарды тек сатып алу арқылы ғана емес, уақытша пайдалану арқылы да алу мүмкіндігі пайда болады.
Еске салсақ, осыған дейін мүгедектігі бар азаматтарға арналған техникалық құралдарды пайдалану тәртібі жаңаратындығы хабарланған.