ШҚО-да Риддерге апаратын жаңа жол құрылысы сол күйі басталған жоқ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласына дейінгі жол уақытын 1 сағатқа дейін қысқартатын жаңа жолдың жобасы әзірге тек жоспар күйінде қалып отыр.

грузовые авто Жүк көліктері трасса дорога тас жол
Фото: Түркістан РСК

Халықтың жаз кезінде құрылыс басталады деген үміті ақталмады. Өскемен-Тарханка-Топиха- Черемшанка бағытындағы жол жобасы қаржы бөлінбеуіне байланысты іске асырылмай тұр.

Құны 38,6 млрд теңге болатын жобаға қаражаттың 90%-ын республикалық бюджеттен бөлу көзделген-тұғын. Мердігер компания болып өткен жылы Kurylys Group RK бекітіліп те қойған.

- Жоба қаржыландыруды пысықтау сатысында тұр. Бюджеттік өтінім республикалық бюджетке жолданды, бірақ қаржы бөлу туралы шешім әлі қабылданған жоқ, - дейді облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.

Жаңа жол Риддерге дейінгі қашықтықты 43 шақырымға қысқартып, сапар уақытын шамамен бір сағатқа азайтуы тиіс. Жоба аясында 14,5 шақырым жаңа жол төсеу және қолданыстағы учаскелерді реконструкциялау жоспарланған. Сондай-ақ Үлбі өзенінен көпір салу, Тарханкадан кейінгі көпірді жөндеу, Черемшанка маңында және Тарханкадан кейін екі өтпежол салу қарастырылған.

Топиха тұрғындарының айтуынша, жаңа тасжол шалғайдағы ауылдарға жан бітірер еді.

- Біздің Тарханка мен Топиха өте көрікті жерлер. Бірақ көпшілік ол жерлерді біле бермейді. Жаңа жол салынса, даму мүмкіндігіміз әлдеқайда артар еді, - дейді ауыл халқы.

Бұдан бөлек, бұл жол Қазақстанды Ресей және Моңғолиямен байланыстыратын халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігіне айналмақ.

Өңір жұртшылығы жаңа жолды қаржыландыру мәселесі жақын арада шешімін табады деп үміттенеді.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да 20 тамыздан бастап Рахман қайнарына апаратын жол жабылатындығы хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар