ШҚО-да С.Ахметов өңірдегі АӨК-нің дамуымен танысты және «Шығысмашзауыт» АҚ-ның жаңа цехында болды

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін түстен кейін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын жалғастырды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

ШҚО-да С.Ахметов өңірдегі АӨК-нің дамуымен танысты және «Шығысмашзауыт» АҚ-ның жаңа цехында болды

Зырян қаласында С.Ахметов тігін өндірісіне және металл құрастырмаларын дайындауға мамандандырылған бірқатар кәсіпорындарда болып, шпағын және орта бизнестің дамуымен танысты.

Үкімет басшысы Моноқалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасындағы басымдықтардың бірі ретінде Зырянда шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту мен қолдаудың маңызын атап көрсетті. (Зырян қаласы осы бағдарлама ауқымында бекітілген 27 моноқаланың қатарына кіреді).

Премьер-Министр қала құраушы кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Қазмырыш» ЖШС байыту фабрикасында болды. Фабриканың негізгі өндірістік қызметі полиметалл рудаларын өңдеу және әртүрлі концентраттар шығару.

Глубокое ауданының Бобровка ауылында С.Ахметов «Бобровка+» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасында болды. Кәсіпорын өткен жылы тамыз айында пайдалануға берілген. Ферма сауын табынды жыл бойы байлап бағуды қамтамасыз етіп, автоматтандырылған басқару жүйесін пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақтанған.

Премьер-Министрге өңірдің агроөндірістік кешенінің дамуы және бірқатар перспективалы жобалардың іске асырылуы жөнінде баяндалды.

Өскеменде Үкімет басшысы «Шығысмашзауыт» АҚ-да болып, жаңа шойын балқыту цехын аралады. С. Ахметов өндірістің технологиясымен, өндірістік бағдарламаның іске асырылу барысымен және зауытты дамыту перспективасымен таныс болды.