Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолы қазір қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Соның аясында Осинов асуында Қазақстандағы ең биік көпір құрылысы басталған болатын. Алайда оны аяқтауға қажетті қаржы бөлу мәселесі әлі шешімін таппай отыр. 

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

9 млрд қажет

Бұрын Өскеменнен Катонқарағай ауданына бет алған жұрт 56-72 және 72-88 шақырымдарға жеткенде біршама кідіріп қалатын. Осы екі учаскеде қайта жаңғырту жүргізуге 9,9 млрд теңге бөлінуі тиіс.

– Жұмысты бастау үшін бізге 900 млн теңге бөлінген. Қазір нысанда 130-ға тарта маман еңбектеніп жатыр, 40-тан астам арнайы мамандандырылған техника жұмылдырылған. Жобаны күрделендіріп тұрған құрылыстардың бірі – Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір. Оның ұзындығы – 175 метр, биіктігі – 45 метр. Көпір сегіз тіректен және жеті аралықтан тұрады. Шатқал ішінде биік тіреулер қою оңай шаруа емес. Төңірек те тар, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары Нұрбек Тұраров.

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Бұл жерде техника орналастыру да алдын ала есептеуді қажет етеді. Себебі құрылыс алаңының шеңбері шектеулі. Бәрін жұмысқа ыңғайлы етіп қою керек.

Нұрбек Тұраровтың айтуынша, мердігер компания бөлінген 900 млн теңге толықтай игерілген. Ал ары қарай қаржыландыру мәселесі әлі шешімін таппаған. Дегенмен қайта жаңғыртуға қажет арматура, темір бетон бұйымдары сатып алынып, құрылыс алаңына жеткізілді.

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

– Бетон араластыратын құралды осы жаққа алып келдік. Өйткені көпір құрылысы кезінде бетонның сапалы болуына мән беріледі. Сол талаптарды сақтау үшін бетон қоспасын әзірлейтін құрылғыны осында әкеліп орналастырдық. Мұнда біздің арнайы зертханамыз бар. Нысанға күнделікті авторлық және лабороториялық тексеру жүргізіліп отырады. Жұмысты биыл аяқтауға бел буып отырмыз. Қаржыландыру мәселесінің шешілуі де маңызды. Көпір құрылысының 65 пайызы тәмамдалса, жолдың 90 пайызы аяқталды, – дейді Нұрбек Тұраров.

Мәлім болғандай, жолға қиыршық тасты-мастикалық асфальт төселіп жатыр. 56-72 және 72-88 шақырымдағы қайта жаңғырту жұмыстары 2017 жылы басталған. «ОблШығысЖол» ЖШС-ға дейін екі мердігер ұйым жұмысты бастап, аяқтай алмай кетті. Енді мердігер тағы 9 млрд теңге бөлінуі тиіс деп отыр.

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Жұмыс сапасына кім жауапты?

Жол активтері «Ұлттық сапа орталығы» ШҚО бойынша филиалының өкілі Айдос Қабылбековтің айтуынша, сәуір басталғалы 24 рет тексеру жүргізілді. Соның аясында 71 сынама алынып, қиыршық тас, құм секілді инертті материалдар тексерілген. 10 мәрте алған сынама стандартқа сай болмай шықты.

– Керн алу барысында қиыршық тасты мастика қабаты талапқа сай болмағандықтан бірталай жердің асфальты қырылды. Шамамен 22 мың шарт метр жол жабынының қабаты қырылып алынды. Енді соған жаңадан төселетін болады, – дейді Айдос Қабылбеков.

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

«ҚазАвтоЖол ҰК» ШҚО филиалы директорының орынбасары Айбек Қасеновтің айтуынша, қазір 16 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жаңа жол қолданысқа берілсе, тағы төрт шақырымға қысқарады.

– Бұл жер таулы аймақ болғандықтан қыста көлік қозғалысы қиындайды. Қар көшкіні де жиілейді. Жобаның іске асырылуының бір себебі осы. Тағы айта кетерлігі, «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолы – туристік бағыт. Жолмен жүретіндер саны да жыл сайын артып келеді. Бұл Қазақстандағы ең биік көпір. Сегіз тіреудің алтауында жұмыс толық аяқталды. Қалған екеуін жуықта аяқтаймыз. Көпір құрылысы аяқталса, асфальт та бірқалыпты төселмек. Қаржы министрлігі қалған 9 млрд теңгені бөлуді мақұлдаса, жұмысқа да серпіліс болар еді, – дейді ол.

ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбеген
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Еске салсақ, осы жылдың маусым айының соңында ШҚО-дағы Осинов асуында көпірге зақым келіп, қозғалыс шектелген болатын