ШҚО-да тозығы жеткен электр желісі салдарынан тұрғындар жиі жарықсыз отыратын болған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы электр желілерінің тозу деңгейі ел бойынша ең алдығы лекте. Соның салдарынан қатты жел соғып, жаңбыр немесе қар жауса жарық сөне береді. Бұл әсіресе шалғай елді мекендердің тұрғындарына ауыртпалық түсіріп отыр.

Изношенные энергосети: почему восток страны остается уязвимым при каждой непогоде
Фото: Kazinform

Жаңа Бұқтырма кенті - өңірдегі ең танымал туристік орындардың бірі. Жаз кезінде мұнда туристер мыңдап ағылады. Бұқтырма су қоймасының жағасында 100-ге жуық демалыс базасы орналасқан. Ал қыста кент саябырсыған, тыныш тіршілік ырғағына көшеді. Дәл осы суық кезеңде электр энергиясының үзілуі ерекше сезіледі.
Өйткені жарық болмаған жағдайда сорғы станциясы тоқтайды, соның салдарынан жылумен қамту жұмыстарының да тоқтау қаупі тйындайды. Апат кезінде кентті жылусыз қалдырмау үшін жергілікті билік шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болған.

Изношенные энергосети: почему восток страны остается уязвимым при каждой непогоде
Фото: Kazinform

- Апат кезінде қазандықтың жұмысы тоқтап, жылу беру тоқтаған жағдайлар болды. Осындайға қайта жол бермеу үшін аудан әкімдігі резервтік электрмен қамтуға қаражат бөлді. Соның нәтижесінде дизель генераторлары сатып алынды. Олар төтенше жағдайда жүйенің жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді Алтай ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Қуат Жуанғанов.

Изношенные энергосети: почему восток страны остается уязвимым при каждой непогоде
Фото: Kazinform

Жарықсыз өмір тоқтап қалғандай

Алайда жұртты алаңдатып отырғаны тек апаттар емес. Жаңа Бұқтырма кенті тұрғындарының айтуынша, алдын ала ескертілетін жоспарлы ажыратулар да жиі болады. 

- Жарық жоқ кезде өмір бір сәтке тоқтап қалғандай күй кешеміз. Теледидар да, пеш те жұмыс істемейді. Тіпті қарапайым үй шаруаларын да кейінге қалдыруға тура келеді, - дейді кент тұрғыны Ирина Васильева.

Жарықпен бірге байланыс та жоғалады. Мұндай сәттерде ұялы байланыс пен интернет істен шығып, әсіресе қарттар мен баласы бар отбасылар үшін қолайсыздық тудырады. 

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Бір жылда 1700-ден астам апат болған

Жаңа Бұқтырмадағы жағдай өңірдегі жалпы ахуалдың бір бөлігі ғана. Жалпы Шығыс Қазақстандағы электр желілерінің тозу деңгейі 80-90 пайызға жеткен. Әсіресе ондаған жыл бұрын орнатылған трансформаторлар әлі күнге дейін пайдаланылып отырған шалғай ауылдардың жағдайы күрделі.

- Қисайған электр бағандары, қазіргі жүктемеге шыдамайтын сымдар және өз ресурсын толық өтеп болған жабдықтар - осының бәрі бүгінде аймақтағы талай елді мекен үшін үйреншікті көрініске айналған. Мәселен, біздің Октябрьский кентінде де бұрыннан ауыстыруды қажет ететін бірнеше баған әркез көзге оттай басылады, - дейді Алтай ауданының тұрғыны Евгений Смирнов.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы электр желілеріне қызметті - Біріккен энергия сервистік компаниясы көрсетеді. Компания өкілдері мәселенің ауқымы кең екенін және оны бір мезетте шешу мүмкін еместігін мойындап отыр.

- 2025 жылы екі облыста 1700-ден астам электр энергиясын ажырату тіркелді. Желілердің орташа тозу деңгейі шамамен 84 пайызды құрайды. Мұндай жүктеме мен жабдықтың қазіргі жағдайында апаттардың алдын толық алу қиын, - дейді олар. 

Компания мәліметінше, олардың қарауында шамамен 35 мың шақырым электр желісі бар. Бұл елдегі ең ұзын желілердің бірі. Оның барлығын қысқа мерзімде ауыстыру техникалық тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да мүмкін емес.

Изношенные энергосети: почему восток страны остается уязвимым при каждой непогоде
Фото: Kazinform

- 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында желілердің тозу деңгейін 11 пайыздан асыра төмендетуге мүмкіндік беретін кешенді жұмыстар жоспарланған. Бұл баяу жүретін, бірақ аса қажетті жұмыс, - дейді БЭСК баспасөз орталығының бас менеджері Әйгерім Арғынбай.

Келешекте не өзгереді?

Алдағы жылдары энергетиктер шамамен екі мың шақырым электр желісін жаңартып, жоғары кернеулі қосалқы станцияларды қайта жабдықтауды көздеп отыр. Бұл шаралар жүйенің тұрақтылығын арттырып, қолайсыз ауа райы кезінде апаттар санын азайтуға тиіс.

Изношенные энергосети: почему восток страны остается уязвимым при каждой непогоде
Фото: Kazinform

Дегенмен мамандардың айтуынша, инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартпай және тұрақты қаржыландырусыз тозығы жеткен желілер мәселесі әлі ұзақ уақыт бойы өзекті болып қала бермек. Демек, әр қатты жел мен қалың қар ел шығысындағы тұрғындар үшін әлі де сынақ болып қала береді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде қатты желдің салдарынан бірнеше ауылда жарық өшкені хабарланған.


Соңғы жаңалықтар