ШҚО-да тұмауға қарсы 91 екпе жасау кабинетін ашу жоспарланып отыр
АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда тұмаудың алдын алу мақсатында 91 екпе жасау кабинетін ашу қарастырылып отыр, ол жерлерден тұмауға қарсы ақылы вакцина алуға мүмкіндік бар. Бұл жайында Өскемендегі ұлттық баспасөз орталығында журналистермен өткен мәслихатта облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Тоқтасын Ерубаев мәлімдеді, деп хабарлады Altaynews.kz.
Тұмауға қарсы вакцина алу үшін қазір 12 миллион 300 мың теңге шамасында қаржы бөлінген. Департамент басшысының айтуынша, ағымдағы жылы кене шаққан 3370 адам медициналық көмекке жүгінсе, адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеген көрінеді. Дегенмен, өткен 9 ай ішінде үй жануарлары арасында құтырмаға күдікті 73 жағдай орын алыпты. Сондай-ақ, соңғы жылдары туберкулез ауруы аз да болса бәсеңдеген сыңайлы. Бұл тұрғыда қала-аудан әкімдері тарапынан көкірек ауруымен ауыратындарға әлеуметтік көмек көрсету жақсарып, оларға үш ауданда үй беріліп, жол жүру мен қосымша тамақтануға 40 миллион теңгеге тарта қаржы бөлінді. Баспасөз мәслихаты барысында ақпарат құралдарының өкілдері түрлі нысандардың департамент тарапынан тексерілуі туралы да сұрақ қойған-ды. Оған Тоқтасын Ерубаев облыс тұрғындарының арасында инфекциялық аурушаңдық пен тамақтан уланулардың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар аясында 13 нысан анықталғанын, рейд қорытындысында жарамсыз деп табылған тамақ өнімдері саудадан алынып тасталғанын, бір материал ары қарай тексеру үшін қаржы полициясына, тағы бір-бірден прокуратура мен ішкі істер басқармасына жіберілгенін, ауданаралық экономикалық сотына қызметін тоқтату туралы 7 талап-арыз жолданғанын жеткізді. Анықталған фактілер бойынша ол нысандардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Басқа да көптеген жәйттер туралы баян еткен Т.Ерубаев пен Өскемен қалалық санэпидбақылау басқармасының басшысы М.Дерябин басқосу соңында сала мамандарының араласуымен үстіміздегі жылдың 9 айында сауда орындарындағы 256,747 келі қауіпті тамақ өнімдері сатудан алынып тасталғанын айтып өтті.