ШҚО-да туристер үшін киіз үй түріндегі қонақ үйлер салынады
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Катонқарағай ауданындағы сапарында Берел қорғандарына туристерді тарту үшін осындай шешім қабылдады.
Аталған жоспарды іске асыру барысы қыркүйек айының басында Өскемен қаласында өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында талқыланады. Жалпы, конференцияға әлемдік деңгейдегі ғалымдар қатысады, олар Қазақстан тарихы мен археология мәселелерін ортаға салмақ.
Катонқарағай ауданының әкімдігі туризмді дамыту бағдарламасын дайындау мақсатында кәсіпкерлерді тартумен айналысады.
«Біз қорғандардың бетіне саркофаг орнату жұмыстарын жыл сайын қаржыландыруға дайынбыз. Осылайша, бір жағынан, археологтар тарихи мұрамызды зерттеу жұмыстарын жүргізсе, екінші жағынан, ғылым саласымен байланысты бизнес-үрдісті дамытатын боламыз, - деді ШҚО әкімі археологиялық экспедиция жетекшісі, профессор Зейнолла Самашевқа.
Шығыс Қазақстан облысында биыл 2016-2018 жылдарға арналған археология саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту Жоспары шеңберінде еліміздің және шет елдердің жетекші ғалымдары бес көне археология ескерткіштерінде ауқымды қазба жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айта кету керек.