ШҚО-да түрмеден қашып кеткен ер адам басқа өңірде ұсталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында түрмеден қашып кеткен сотталған азамат басқа өңірде қолға түсті.

ШҚО-да түрмеден қашып кеткен ер адам басқа өңірде ұсталды
Фото: ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті

ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметіне сүйенсек, алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жүрген ер адам түзету мекемесі аумағынан тыс жерде жұмыс істеу мүмкіндігін пайдаланып, таңертең жұмысқа кеткеннен кейін қайтып оралмаған.

Сотталған азаматтың № 24 ең төменгі қауіпсіздік мекемесінен қашқаны анықталған сәттен бастап ҚАЖ департаментінің қызметкерлері іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып, бес сағат ішінде ер адамның қалай қарай кеткенін анықтады. Олар Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, сотталған азаматты басқа өңірде ұстады.

— Қызметкерлердің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында қозғалыс бағыты анықталып, сотталған азамат ұсталды. Қазіргі уақытта жазасын өтеуден жалтару дерегі бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр, — дейді департаменттің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодар түрмесінде шай арасына жасырылған ұялы телефон табылғаны хабарланған.