Шығыс Қазақстанда түтін тұмшалаған үйден анасы мен екі баласы құтқарылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында полиция қызметкерлері түтін тұмшалаған үйден анасы мен екі баласын құтқарып қалды.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Өтеулин мен жүргізуші Алтынбек Мязев бір отбасыны түтін басқан үйден аман алып шықты.
«Полиция қызметкерлері «Учаске» жедел алдын алу шарасы барысында Қасым Қайсенов кентіндегі үйлерді аралап жүрген. Сол кезде Байдельдинов көшесіндегі үйден көшеге жүгіріп шығып көмек сұраған қызды кездестірген», — делінген ақпаратта.
Ол үйде жылу жүйесінде ақау шығып, бөлме ішін түтін басыпты. Соның салдарынан бір отбасының өміріне қауіп төнген.
Тәртіп сақшылары дереу үйге кіріп, әйел мен оның екі баласын далаға шығарған. Осыдан кейін олар құбырдың бітелуі мен бу жіберетін қазанның дұрыс жұмыс істемеуі себебін анықтап, өрттің алдын алды.
«Бірден әрекет етіп, отбасын қауіпсіз жерге шығардық. Ең бастысы, қайғылы жағдайды болдырмай, уақытылы үлгердік, — дейді полиция капитаны Бақытжан Өтеулин.
Отбасының анасы полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Еске салсақ, осыған дейін полицейлердің ШҚО тұрғынының көлігінен 240 келіден астам тірі шаян тапқаны хабарланған.