ШҚО-да учаскелік полиция инспекторы сотқа тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО-ның Глубокое аудандық сотында учаскелік полиция инспекторы Р.Сапаровқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс материалдарында көрсетілгендей, Р.Сапаров су жағасында О.Семиковтың мәйітін табу фактісі бойынша материалдарды жинастырумен айналысқан.
Р.Сапаров материалдарды жинау барысында О.Семиковпен бірге су жағасында Черемшанка ауылының тұрғындары Н.Зайнушко мен А.Могильниковтың болғандығын анықтаған. Олар ішімдік ішіп, балық аулаумен айналысқан. Яғни, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 383-бабына сәйкес, олар балық аулау ережесін бұзған.
Р.Сапаров Н.Зайнушко мен А.Могильниковтың әрқайсысынан 50 мың теңгеден қаражат беруді талап еткен. Бұл берілген ақшалар оларды әкімшілік жазаға тартпау үшін пара ретінде тергеушіге берілетіндігін айтып түсіндірген.
Сот Р.Сапаровты ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2, 3 тармақтарында (лауазымды тұлғамен жасалған алаяқтық), 24-бабының 3-бөлігінде, 28-бабының 4-бөлігінде, 367-бабының 2-бөлігінде көзделген (пара беруге айдап салушы) қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған мүлкін тәркілеумен қоса үш жыл бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте лауазымдық құқығынан өмір бойы айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.