ШҚО-да ұры төрт ұсақ малды жеңіл көлікке тиеп әкеткен болған
АСТАНА. KAZINFORM — Зайсан тасжолында ұрланған мал тиелген көлік тоқтатылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысында «Бекет» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мал ұрлығы фактісінің жолын кесті.
Майқапшағай — Зайсан тасжолын патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары 43 жастағы ер адам тізгіндеген Mitsubishi Galant автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру барысында салоннан ілеспе құжаттары жоқ төрт ұсақ мал табылды.
— Тексеру нәтижесінде аталған малдың жергілікті тұрғыннан ұрланғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша күдікті малды кейіннен сату мақсатында алып кетпек болған, алайда полиция қызметкерлері жолын кесті. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұрланған мал тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін өңірде осыған ұқсас оқиғалар тіркелген. Мәселен, облыстың Ұлан ауданында жеңіл көлік салонына ұрланған жылқыны тірідей салып алған ер адам ұсталды.