ШҚО-да жануарларды азаптап, видеоға түсірген қыз полицияға жеткізілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 17 жастағы қыз жануарларды азаптап, видеоға түсіріп келген.

Жасөспірім қыз мысықтарды қалай суықта қатырғанын видеоға түсіріп көрсеткен. Сонымен қатар құстар мен үй жануарларының етін қайнатып көргені туралы да айтқан.
Полиция қызметкерлері қызға қатысты тергеуді бастады.
— Аталған факті бойынша 17 жастағы қыз анықталып, ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оларға қолданыстағы заңнама талаптары мен заңсыз әрекеттердің жауапкершілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Ведомство дерегінше, материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданады. Тиісті шешімді сол комиссия мүшелері қабылдайды.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылорда қаласындағы үйлердің бірінің ауласында 20-дан астам ит пен мысықтың өлі күйінде табылғаны туралы бейнежазба тарағаны хабарланған.