ШҚО-да жыл басынан бері 13 адам қызылшамен ауырды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері қызылшаның зертханалық тұрғыда расталған 13 жағдайы тіркелді.
ШҚО Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, қызылшамен ауырғандар Өскемен қаласында (4 адам), Тарбағатай (8 адам) және Глубокое аудандарында (1 адам) анықталған.
– Оның ішіндегі балалар мен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны – 7. Балалар арасында ауырғандар санын азайту үшін бірқатар шаралар қабылданған. Атап айтқанда, 6-10 айлық балаларды қосымша иммундау басталды, жоспарлы екпені өткізіп алғандарды вакцинациялау ұйымдастырылды, – дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Өз сөзінде ол ата-аналарға үндеу жасап, балаларына уақытылы екпе салдыртуға шақырды.
– Егер балаларыңыз бен жақындарыңыз қызылшаға қарсы екпе алмаған болса, тіркелген медициналық ұйымға барып, шұғыл түрде вакцина салдыру қажет. Қызылшаға қарсы иммундау – инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолы, – дейді Сәуле Слямғазина.
Қызылша – тез жұғатын вирустық ауру. Оның негізгі белгілері: дене қызуының 40,5°C-қа дейін көтерілуі, ауыз қуысы мен жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, конъюнктивит және теріде бөртпенің пайда болуы.
Қызылша вирусы ауамен тарайды және ауада немесе түрлі заттардың бетінде екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Ауру жұқтыру үшін науқаспен тікелей байланыста болу да міндетті емес.
Мамандардың айтуынша, қызылша жұқтырған адаммен байланыста болған екпе алмаған 10 баланың 9-ы ауруға шалдығады.
Еске салсақ, осыған дейін қызылшаға қарсы екпесі жоқ балалар жоспарлы емдеуге стационарға қабылданбайтыны хабарланған.