15:34, 25 Қыркүйек 2015 | GMT +5
ШҚО-да жол апатынан төрт адам қаза тауып, үшеуі аурухана жатқызылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО полициясы Өскемен-Зырьян тас жолында болған көлік апатына қатысты қылмыстық іс қозғады. Жол апатынан 4 адам көз жұмған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Тойота-Камри» мінген Қатонқарағай ауданының учаскелік инспекторы жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «ВАЗ-2106» көлігімен соқтығысқан.
Жүргізуші мен 3 жолаушы оқиға орнында көз жұмды. «ВАЗ-2106» көлігінің тағы бір жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ Тойотаның жүргізушісі мен бір жолаушысы ауруханаға жатқызылған.
Жол-көлік апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Жол апатына кінәлі полиция қызметкері ұсталды. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр, деп хабарлады облыстық ІІД.