ШҚО-дағы 10 жағажай қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегеновтің айтуынша, облыста жаппай демалуға арналған 23 учаске бар.
— Өзен-көлдердің түбін тексеру бойынша сүңгуірлік жұмыстарды жүргізуге 18 өтінім келіп түсті. Тексеру нәтижелері бойынша 10 жағажай су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс акваторияларында 5 құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Жағажайларға барлығы 170 тыйым салу белгісі орнатылған, — дейді ол.
Шомылу маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 2 адам суға батып кетті. Су айдындарында қауіпсіздік шараларын бұзған 7 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осы ретте, құтқарушылар демалушыларды шомылу үшін тек жабдықталған орындарды таңдауға, су айдындарындағы тыйым салу белгілерін назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін елордада қай орындарда шомылуға рұқсат етілгендігі жайлы жазғанбыз.