ШҚО-дағы асфальт-бетон зауытында шаң шығарындылары нормадан 41 есе асып кеткен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар кәсіпорында шаң шығарындыларының белгіленген нормадан 41 есе асып кеткенін, экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеу және қажетті жабдықтардың болмағаны анықталды.
ШҚ Экология департаменті мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, асфальт-бетон және ұсақтау-сұрыптау қондырғыларына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру Катонқарағай, Самар аудандарындағы және Өскемен қаласындағы кәсіпорындарды қамтыды.
Шаң шығарындыларының нормативтен ең жоғары деңгейде асып кетуі «Катон-Қарағайский ПДУ» ЖШС-нің асфальт-бетон зауытында тіркелді. Мұнда шаң шығарындылары белгіленген нормативтен 41 есе жоғары болған.
Экологтардың мәліметінше, тексеру нәтижелері шаң ұстау жабдығының дұрыс жұмыс істемейтінін және шығарындыларды тазарту тиімділігінің жеткіліксіз екенін көрсетті.
- «№14 жол құрылысы басқармасы» ЖШС-нің асфальт-бетон зауытында да тазарту жүйесінің жұмысынан заңбұзушылықтар анықталды. Мұнда шаң шығарындыларының концентрациясы белгіленген нормативтен 1,7 есе асып кеткен. Кәсіпорында орнатылған шаң ұстау жабдығы қажетті деңгейде тазартуды қамтамасыз етпеген, - делінген ақпаратта.
Ал «ВекторSolano» ЖШС-нің ұсақтау-сұрыптау қондырғысында атмосфераға таралатын ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға арналған жабдықтың мүлдем болмағаны анықталды.
Тағы бір кәсіпорын – «СК Зайсан» ЖШС – асфальт-бетон және ұсақтау-сұрыптау қондырғыларын тиісті экологиялық рұқсатсыз пайдаланған. Олардың жұмысына үш ай мерзімге тыйым салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 36 млн теңге болды.
Сонымен қатар экологтар анықталған заңбұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы нұсқама берді.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда тексерілген әр төртінші көлік экологиялық нормаға сәйкес келмейтіндігі хабарланған.