ШҚО-дағы ауыл халқы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған үйлердің сапасыздығына шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Кожохово ауылында әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасылар өздеріне берілген үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтып жатыр.
Олар «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлерінің іші суықтығын, шатырдың ішіне қар кіретінін, тіпті есіктерінің құлап жатқанын жеткізді. Kazinform тілшісі мәселенің анық-қанығын біліп көрді.
Иісі жағымсыз, қабырғалары жұқа
Ақмарал Оразханова 2024 жылдың қазан айында кезегі келіп, үй алған. Бірақ үйге бірден емес, 2025 жылдың қыркүйек айында көшіп келіпті.
- Келгеннен бастап әлі күнге дейін үйден септиктің жағымсыз иісі шығады. Үйдің сапасыз салынғаны көрініп тұр. Қараша айында тіпті сыртқы есік құлап түсті, - дейді ол.

Күн суыта бастағанда үйдің ішін жылыту оңай болмаған. Бөлмелердің іші көгеріп, терезелердің алды суланып, аязда мұз кірген.
- Үйдің көгеруі сол күйі басылмады. Ол аздай шатырдың ішіне қар кіріп, үйге су ақты. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған бұл үйлерде екі пәтер жапсарлай салынған. Яғни, екі отбасы тұрады. Қабырғалары өте жұқа болғандықтан арғы жақтағы көршінің дауысы естіліп тұрады. Балам жыласа әлгі көршім маған ренжиді. Сонда мен не істеу керекпін? - дейді Ақмарал Оразханова.
Ал көпбалалы ана Гаухар Есқалиева үй кезегінде 25 жыл бойы тұрған. Қазір мемлекеттік бағдарлама арқылы сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін осы тұрғын үй үшін айына 17 мың теңге төлеп тұрып жатыр.

- Бұл үйге 2024 жылы көшіп келдік. Маған әкімдіктен үйді қабылдап алғанын растайтын құжат та берілмеді. Осы уақыт ішінде күйеуім сапасы сын көтермейтін үйді жөндетуге бірнеше рет өз есебінен ақша төледі. Ылғал мен көгерудің салдарынан жиһаздарымыз бен тұрмыстық техникамыз қайта-қайта жарамсыз болып қалады. Балалар жиі ауырып қалатындықтан, сабақтан жиі қалуға мәжбүр, - дейді ол.
Әкімдік не дейді?
Тұрғындар шағымына жергілікті биліктің жауабын білу үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне хабарластық.
- «Бірқабатты Шығыс» жобасы аясында салынған үйлердің тұрғындарын 2026 жылдың ақпан айында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеке қабылдаған болатын. Кездесу қорытындысы бойынша аймақ басшысы Кожохово ауылында сапасыз салынған үйлерді пайдалануға қабылдаған лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде тапсырма берді, - деп жауап берді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Мердігер мекеме анықталған ақауларды ауа райы қолайлы болған кезде жоюға және атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы облыс әкімін жеке хабардар етіп отыруға міндет алған.

- Кемшіліктерді жою барысын бақылау ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жүктелді. Облыс әкімі орынбасарының жетекшілігімен жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына тексеру жүргізіліп жатыр. Ақаулар толық жойылғаннан кейін, осы жылдың мамыр айына қарай аймақ басшысы Кожохово ауылындағы үйлерге арнайы барады. Қазіргі басты міндет - халыққа үйлерде сапалы әрі қауіпсіз тұруына жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, - делінген ведомство жауабында.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістанда қоғамдық моншаның сапасыз құрылысы туралы видео тарағаны жайлы жазғанбыз.