ШҚО-дағы ауыл халқы психиатриялық аурухана құрылысының созбалаңға салынғанына наразы
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Жаңа Қанай ауылының халқы психиатриялық аурухана құрылысының аяқталмай жатқанына шағымданды. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.
Көпшілік қалаға көшіп жатыр
Жаңа Қанай ауылы Өскеменнен 47 шақырым жерде орын тепкен. Зейнеткер Гүлбаршын Алтаеваның мұнда тұрып жатқанына 50 жыл болыпты.
– Ауылдағы негізгі мәселе – 120 адамға арналған психиатриялық аурухана құрылысы. Соңғы бес жылда бұл нысанды салуға қаншама мекеме әрекеттенді. Бірақ ешқайсысына құрылысты аяқтау мүмкін болмай тұр. Осы медициналық нысанның тарихы өткен ғасырдың ортасынан басталады. Мұнда 70 жыл облыстық психиатриялық аурухана болды. Оған біздің өңірден бөлек, республиканың әр түкпірінен адам келетін. Осы уақыт аралығында ақ халаттылардың 2-3 буыны қалыптасты, – дейді зейнеткер.
Оның айтуынша, қазір жастардың көбі қалаға оқуға кетіп, сонда қалып жатыр. Ал тұрғындар айтқан аурухана төлқұжатында құрылыс 2024 жылдың 20 мамырында басталып, 2025 жылдың 1 мамырында аяқталуы тиіс екені жазылған.
– Екі жыл бұрын әкім тапсырмасы аясында аурухана құрылысы басталған еді. Оны естіген ауылдастар қуанып, көшеміз деп жүргендер кетпеуге бекінген. Басында екі қабатты, кейін үш қабатты болады деді. Қазір бір қабаты да жоқ, тек іргетасы тұр, – дейді Гүлбаршын Алтаева.
Құрылыс неге тоқтады?
Бүгінде ауылда 365 адам тұрады. Кезінде мыңға жуық тұрғын болыпты. Соңғы жылдары жұрт басқа жаққа қоныс аударып, туған жерінен жырақтаған. Ал ауылда қалғандардың биліктен сұрайтыны – аурухана мен жол. Болатхан Сұлтан есімді азамат ауылға апарар жол 1987 жылы ғана күрделі жөндеуден өткенін алға тартты.
– Содан бері ешкім көңіл бөліп, жөндеу жүргізбеді. 2000-жылдары тұрғындар болып өзіміз қаражат жинап, шұңқырларды жамадық. Ауылға күніне екі рет автобус қатынайды. Жол мәселесі өте өзекті. Бұны ауылдық округ және аудан әкімдігіне талай рет айттық. Маңайда «Платина» деген демалыс орны бар. Ол жаққа Германия, Ресейден келгендердің «тұрмыстарың жақсы, бірақ жолдарың өте нашар» дегені бар, – дейді тұрғын.
Айыртау ауылдық округінің әкімі Дархан Төлеухановтың айтуынша, психиатриялық аурухана құрылысын жалғастыру үшін аудан әкімдігі мердігер компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. Егер келісім жасалса, құрылыс тамыз айында қайта басталмақ.
– Медициналық мекеме құрылысы оффтейк келісімі арқылы жүзеге асырылған. Яғни, мердігер компания нысанды өз қаражатына салып, дайын болған соң әкімдік сатып алуы тиіс еді. Алайда құрылысты бастаған мердігердің қаражаты жетпей, жұмыс тоқтап қалды. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жол мәселесіне келсек, былтыр бюджетке өтінім бергенбіз. Биыл қаражат бөлінбеді. Келесі жылы бөлінсе, жол жөндеуді қолға аламыз, – дейді ол.
Дархан Төлеуханов аурухананың құжаттары толық еместігін, қазір тек жер актісі барын мәлім етті.
– Ауылішілік жолдарды тұрғындар өтініші бойынша тегістеп жатырмыз. Былтыр құм мен қиыршық тас қоспасы төселді. Кейін жол бетіндегі тастарға байланысты тұрғындар тарапынан наразылық болды. Жыл соңында тағы біраз құм септік, бірақ ол жеткіліксіз болды. Хоккей торабын салуға қаражат бөлінген. Алайда мердігер компания жұмысты дұрыс атқармағандықтан, келісімшартты бұздық. Қазір жаңа мердігер іздеп жатырмыз. Ол биыл орнатылады, – деді округ басшысы.
Белгілі болғандай, құрылысқа мердігер ұйым – «Батырхан – Сұлтан LTD» ЖШС жауапты.
– Мердігер құрылыстан бас тартқан жоқ. Құрылыс қаржыландыру мәселесіне байланысты уақытша тоқтатылған. Ресми мәліметке сәйкес, қазір құрылысты қайта жалғастыру жоспарланып отыр. Жобаны қайта іске асыруға қажетті қаржыландыру мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Ұлан ауданы әкімдігінен.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазинаның айтуынша, ауылішілік жолдарға асфальт жабынын төсеу мақсатында 2027 жылға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін қаржы бөлуге өтінім беру жоспарланып отыр. Қажетті қаржы бөлінсе, құжаттама әзірленіп, ауылішілік жолдарды асфальттау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Еске салсақ, осыған дейін елде құрылысқа бақылау жүргізбеген компания басшысына іздеу жарияланғаны хабарланған.