ШҚО-дағы кәсіпорындарда қауіпсіздік талабын бұзудың 840-тан аса фактісі тіркелді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы өндірістік кәсіпорындарда қауіпсіздік талабының сақталуы тексеріліп жатыр.

«Казцинк» снизил производственную мощность в дни НМУ в Усть-Каменогорске
Фото: ШҚО әкімдігі

Өңірде биыл 256 қауіпті өндірістік нысанға тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талабын бұзудың 842 дерегі анықталды. 

— Осы жылы облыс кәсіпорындарындағы пайдалану мерзімі өткен 600-ден астам техникалық құрылғы мен технологиялық желіні ауыстыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу мақсатында өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті жанынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық кеңес құрылды. «Казцинк» ЖШС және «Шығыстүстімет» ЖШС тау-кен кәсіпорындарында қауіпсіздік процестері цифрландырылып жатыр, — деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.

5 мамырда «Казцинк» ЖШС мырыш зауытының электролиз цехында болған апатты және 30 мамырда «Шығыстүстімет» ЖШС Артемьев кенішінің жерасты учаскесінде жарушы маманның қаза болуына әкелген оқыс оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссиялар құрылған. 

— Бірде-бір маңызды дерек назардан тыс қалмайды. Жауапты тұлғалардың әрекеттеріне түбегейлі баға берілетін болады. Аталған жұмыс тұрақты бақылауда, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да шахтер өлімінен кейін өндірістік нысандардағы қауіпсіздік деңгейі арттырылатындығы хабарланған.