ШҚО-дағы құрылыс нысандарының бірінде 30-ға жуық шетелдік заңсыз жұмыс істеген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы құрылыс нысандарының бірінде заңсыз жұмыс істеген 28 шетелдік анықталды.
Өңірде полиция қызметкерлері көші-қон саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдке шықты. Соның барысында шетел азаматтары көбіне жұмыс іздейтін орындар – базарлар, кәсіпорындар және құрылыс алаңдары тексерілді.
– Құрылыс нысандарының бірінде 28 адамның заңсыз еңбек еткені анықталды. Олардың жұмыс істеуге қажетті рұқсат құжаттары болмаған. Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтың жолын кесіп, әрбір шетел азаматымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Тәртіп сақшылары шетелдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттарды дұрыс рәсімдеу тәртібін жан-жақты түсіндірді.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы тұрғындарына зат лақтырып, қол көтерген шетелдік жасөспірімдердің елден шығарылатындығы хабарланған.