ШҚО-дағы республикалық тасжолдарға стробоскоптар орнатылып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерге жарық сигналдарын беретін стробоскоптар орнатыла бастады.

Бұл шара «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазірдің өзінде республикалық маңызға ие тасжолдардың 12 учаскесіне стробоскоптар орнатылған. Мұндай құрылғылар жүргізушілердің назарын қауіпті аймақтарға аударуға және жол қозғалысы ережелерін сақталуына сеп болады. Әсіресе жол көрінуі нашарлаған жағдайда олардың тиімділігі жоғары.
— Стробоскоптар орнатылатын орындар соңғы жылдардағы жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдау негізінде таңдалды. Бұл — ұзақ айналма жолдар, тік еңістер мен жол көрінуі шектелген аумақтар, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Жүргізушілер бұл бастаманы қолдап айтып отыр.
— Өскемен-Алтай арасындағы жолмее апта сайын жүремін. Осындай құрылғылар әсіресе түнгі уақытта ауадай қажет. Бірақ жол шұрық тесік болса, оны айналып өту үшін қарсы жолаққа шығу қажет болады. Мұндайда ешқандай стробоскоп көмектеспейді, — дейді облыс тұрғыны Рауан Қалиев.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жарылып кеткен жүк көлігіне қатысты тергеу аяқталғаны хабарланған.