ШҚО-дағы жер үйлерде 6 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы жер үйлерде 6 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылғаны анықталды.

Жыл басынан бері өңір құтқарушылары 28 000-нан астам жер үйді аралап, тексеру жүргізді. Соның барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 6000-нан астам фактісі тіркелген.
ШҚО ТЖД мамандарының уақытылы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар 2000-нан астам бұзушылықты жойды. Үй иелеріне пеш жағу және электр құрылғыларын пайдалану кезіндегі ережелер бойынша нұсқаулықтар берілді.
«Үйлерді аралау кезінде улы газды анықтайтын датчиктерді орнатып жатырмыз. Соңғы жылдары облыс бойынша 15 мыңға жуық осындай датчик орнатылған. Нәтижесінде датчиктер 42 адамның, оның ішінде 32 баланың өмірін сақтап қалды», - дейді департамент бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да жыл басынан бері түрлі оқыс оқиғалардан 235 адам құтқарылғаны хабарланған.