ШҚО-дағы жер үйлерде өрт қауіпсіздігін бұзудың 33 мыңнан астам дерегі анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы жер үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 33 мыңнан астам дерегі анықталды.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымы басталғалы бері құтқарушылар жеке тұрғын үйлерді аралап, тексеріп жүр. Ондағы мақсат – өрт санын барынша азайту, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау.
«Үйлерді аралау кезінде халыққа нұсқаулық беріліп, пеш пен электр құрылғыларын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі ескертілуде. Жылыту маусымы басталғалы бері барлығы 116 656 үй қамтылды. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 33 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның ішіндегі 14 100-і пеш жағуға қатысты болды», - делінген ақпаратта.
ТЖД қызметкерлерінің ескертуінен кейін тұрғындар 23 874-тен астам бұзушылықты бірден жойды. Сондай-ақ азаматтардың өтініші бойынша 3011 пеш пен мұржа тексерілді.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында мұздағы қауіпсіздік ережесін сақтамаған 13 балықшы әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған.