ШҚО-дағы 9 кәсіпорын ЭКСПО-2017 құрылысына атсалысады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы құрылыс материалдарын, атап айтқанда, сым, цемент, тас мақталар, полиэтилен құбырларын өндірушілер ЭКСПО-2017 көрме кешені құрылысына өз өнімдерін жеткізу туралы келісті.
Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.
Кәсіпорындарды «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бас мердігерлері - «АБК Құрылыс-1» ЖШС, «Сембол Иншаат» АҚ, «СК Базис» ЖШС, «АДС компаниясы» ЖШС және «Mabco constructions s.a» құрылыс компаниялары таңдап алды.
ЭКСПО нысандарын салу кезінде тауарлары қолданылатын өндірушілердің тізіміне: «Қазақсым» ЖШС (сым-тарту өнімдері), «Кемонт» ЖШС (жоғары және төмен вольтті электр жабдықтары), «Восток-Универсал» ЖШС (минералды тақталар), «Өскемен полиэтилен құбырлары зауыты» ЖШС, «Қазақцемент» ЖШС, «Полиус» ЖШС (полиэтилен қабықшалар), «Корунд LTD» ЖШС (өрттен сақтау заттары), «Үлбі-фтор кешені» ЖШС (гипс), «Эгрей» ЖШС (керамзит) компаниялары кірді
Бұл тізім Өскемен қаласында ұйымдастырылған кездесу кезінде жарияланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков пен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Алмас Жаманбеков қатысты.
«Осындай әріптестік елдегі ірі де маңызды жобаны жүзеге асыруда шағын және орта бизнесті тартуға мүмкіндік беріп, ЭКСПО-қалашығын салу барысында қазақстандық өнімдерді қолдану үрдісін қамтып, аймақтардың дамуына үлес қосады», - деді А. Жаманбеков.
Аймақтардағы өндірушілермен кездесулер 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бас мердігерлері Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана қаласындағы өндірушілермен меморандумдарға қол қойды. Осы келісімдер аясында ЭКСПО нысандары құрлысында жалпы сомасы 56 млрд теңгеге тең 85 отандық өндірушінің өнімін қолдану туралы келісім бар.