ШҚО-дағы «Қызыл» жобасы бойынша алтын қоры күтілгеннен жоғары болып шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Polymetal International plc (Полиметалл) компаниясы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Бақыршық алтын рудасы кенішін қамтитын «Қызыл» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме қорытындыларын жариялады.
Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, JORC 2012 кодексіне сәйкес бағаланған Бақыршық кенішіндегі ықтимал руда қоры 7,7 г/т алтын құрамы бар 29,2 млн. тонна руданы құрады. Бұл 7,3 млн. унций алтын, ол алтын құрамы 7,5 г/т болатын бұдан бұрынғы 6,7 млн. унций алтын болады деп бағаланғаннан 8 пайыз жоғары болып шықты.
ТЭН нәтижелері Полиметалл таңдаған жобаны жасау тұрғысының экономикалық тиімділігін қуаттады. Алғашқы 10 жыл бойы кенішті игеру ашық әдіспен жүргізіліп, жылына 1,8 млн. тонна руда алынбақ, ал одан әрі жерастында өндіру жұмыстарының өнімділігі жылына 1,2 млн.тонна руданы құрайды. Руда флотациялық байыту әдісімен алтын концентратына айналдырылады, одан әрі кейіннен сату үшін басқа өңдеуші тарапқа беріледі.
Полиметалл толық ауқымды құрылыс жұмыстарын 2016 жылғы ІІ тоқсанда бастамақшы. Өңдеу жұмыстары 2018 жылдың екінші жартысында басталады, сөйтіп, 2019 жылы толық қуатқа шығу көзделіп отыр.
Компания одан әрі Қызылда өндірілетін концентратты кенішке жақын орналасқан Батыс Қытайда және Ресейдің солтүстік-шығысындағы Полиметаллдің Май кенішінен концентраттарды өңдейтін негізгі кәсіпорындар орналасқан Шығыс Қытайға да сатуды жоспарлап отыр.
2015 жылғы ІІІ тоқсанда әлеуетті сатып алушылармен алдын ала келіссөздер жүргізілді, ал өндеу үшін концентраттың байқау партиясын жөнелту 2016 жылдың бірінші жартысында қолға алынбақ.
«Қызыл» жобасының ТЭН нәтижелері біз таңдаған игеру әдісінің жоғары тиімдігін қуаттайды», - деді Полиметалл бас атқарушы директоры Виталий Несис.