ШҚО экология департаментінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің бұрынғы басшысы Данияр Әлиев пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Қарағандыда аға уәкілетті өкіл азаптау іс-әрекеттері үшін сотталды
Фото: freepik.com

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, экология департаментінің экс-басшысы Д.Әлиевке, жергілікті тұрғын М.Жұрқабаевқа және кәсіпкер К.Длужевскийге қатысты сот үкімі шықты.

- Әлиев коммерциялық ұйымға алтын өндіруге экологиялық рұқсат бергені үшін 4,5 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін, Длужевский пара бергені үшін, ал Жұрқабаев арада делдал болғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен бұрынғы шенеунік 4 жылға, тұрғын бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды. 3 жарым айға түрмеге қамалған кәсіпкерге 5 жыл бойы пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен айналысатын коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынған. Сондай-ақ айыпталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды, - делінген ақпаратта.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының бас экологы пара алу үстінде ұсталғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар