ШҚО экологтары ауа ластануының негізгі себептерін атады
Өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде шекті рұқсат етілген концентрация көлемі 3-4 есеге дейін жоғарылайтыны халықты алаңдатып отыр. ШҚО Экология департаментінің басшысы Данияр Алиев ластану деңгейін анықтаудың неліктен қиынға соғатынын айтып берді.
«Экологтар ҚР заңнамасын басшылыққа ала отырып, тиісті шара қолдану үшін мемлекеттік мониторингтің растауына жүгінеді. Біз үшін бұл «Қазгидромет» РМК ұсынған ауа қысымының өлшемі. Егер ластану деңгейі жоғары болса, жауапты сала мамандары аталған көрсеткішті экология департаментіне жолдайды. Алайда мұндай ақпарат тек қана бір тәулік өткен соң келіп түседі. Ал осылай кешігетін болсақ, ауаның сапасын анықтай аламыз ба? Оның үстіне солтүстік ауданда үш өнеркәсіп кешені орналасқан. Ол жақта жалпы санитарлық-қорғаныс аумағы болғанына қарамастан, күкірт және азот диоксидтері бөлінеді. Ал аталмыш кәсіпорындарға ешқандай дәлелсіз кіруге болмайды», - деді Данияр Алиев.
Экология департаментінің басшысы азаматтар тарапынан келіп түскен шағымдарға байланысты санитарлық-қорғаныс аумақтарының шекарасында ғана зертхана мамандары жедел түрде ауа қысымын өлшей алатынын атап өтті.
Бірақ ауада ластану деңгейі анықталса, департамент мамандары бұл аумаққа тексеру жұмыстарын жүргізу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ШҚО бойынша департаментіне акт тіркеуі қажет. Бұл шаруа кем дегенде бір күн немесе одан да көп уақытты талап етеді.
«Осы уақыт аралығында қарсы тарап барлық кемшілікті жасырып үлгереді. Сөйтіп, тексерістің нәтижесі жарамсыз болып қалады. Әсіресе, бұл ауаның ластану деңгейін анықтауға бөгет жасайды», - деді Данияр Алиев.
Қала тұрғындарының дені ауаның ластану көрсеткішін кәсіпорындармен байланыстырады. Алайда департамент басшысы мұны жоққа шығарып, бірде-бір кәсіпорын шекті нормадан асырмайтынын алға тартты.
Бұл өндірістік ақаудан немесе көзделген технологиялық шығарылымнан болуы мүмкін. Не болмаса, жылу қазандықтарын бумен тазалау кезіндегі жоғары қысымның пайда болуынан туындайды.
Бірақ кәсіпорын мұндай жағдайда тұрғындарға хабарлама таратпайды. Заңға сәйкес олар бақылаушы органға өз ниеттері туралы айтпауға құқылы. Сондықтан экологтар кәсіпорындардың жоспарлы түрде жасайтын технологиялық шығарындарын білмейді.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Қазақстан Президенті халыққа Жолдауында мемлекеттік реттеу және кәсіпкерлік субъектілерін бақылау монополиясы шараларын қысқартып, оларға өзін-өзі реттеуге мүмкіндік берді. Олардың қызметіне араласу сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық болып саналады. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың өздерінен шығатын шығарындарға мониторинг жасауына жол ашты.
Бұдан бөлек, экологтардың ең басты проблемасы тексеру жұмыстарының 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылуы болып отыр.
«Мұндай қысқа мерзім ішінде кәсіпорын қызметінің деректері туралы толық ақпарат алу мүмкін емес. Тіпті ауадағы шығарынды мөлшерін анықтауға уақыт жетпейді. Сонымен қатар кәсіпорынға кез келген уақытта кіріп, технологиялық процесті бақылау сынды күтпеген әсер де жоғалды. Сондықтан біз сараптама жасау үшін бірреттік ауа қысымын өлшеумен ғана шектелеміз», - деді Данияр Алиев.
Экология департаменті басшысының айтуынша, туындаған бұл жағдайдан шығудың жолы бар. Ол үшін 2017 жылғы тексеріс кезінде қолданылған уақыт аралығын қайтару керек. Сондай-ақ тосыннан тексеріс жасау сияқты шараларды енгізу қажет.
Аталған жағдайды өзгертуге онлайн-мониторинг жасау септігін тигізеді. Ол үшін ауаның сапасын анықтайтын бақылау құрылғылары көрсеткен нәтижені бірден экология департаментіне жолдау керек. Бұл өз кезегінде бірнеше минут ішінде шығарындының көзін анықтап қана қоймай, кәсіпорынның технологиялық процесін реттеуге көмектеседі. Бүгінде мұндай жүйемен Еуропалық қауымдастықтағы барлық кәсіпорын жұмыс істейді.