ШҚО ғалымдары Орталық Азиядағы ең ірі жартас суреттері кешенін цифрландырды
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда ғалымдар Орталық Азия аумағындағы ең ірі ежелгі жартас суреттері кешенін алғаш рет толық құжаттап, цифрландырды. Зерттеу нәтижесінде мыңдаған жыл бойы көзге көрінбей келген бейнелер ғылыми айналымға енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Зерттеуді Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ғалымдарынан құралған ғылыми топ жүргізген. Археологтар заманауи зерттеу технологияларын – компьютерлік көру әдістерін, үш өлшемді модельдеуді қолданған. Дәл осы тәсілдер тас бетінде «жасырынған» көне өнерді айқындауға мүмкіндік берген.
– Біз ол жерде суреттер бар екенін білдік, бірақ олардың соншалықты көп екенін елестетпедік. Цифрлық өңдеу басталғанда, алдымыздан мүлде басқа ауқымдағы ескерткіш ашылды, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты, университет музейінің жетекшісі Ольга Зайцева.

Алдымен цифрлық әдістер Ақбауыр, Сартынбет, Теректі және Бөрітостаған үңгірлерінде сынақтан өткізілген. Кейін бұл технологиялар Көкентау жотасында ауқымды далалық зерттеу кезінде қолданылған. Аталған аумақ Абай облысында, Семей қаласынан шамамен 90 шақырым жерде орналасқан.
Дәл осы жерде ғалымдар бүгінге дейін Орталық Азияда тіркелген ең ірі жартас суреттері кешенін анықтады. 2024-2025 жылдардағы далалық маусымдар барысында 74 үңгір зерттеліп, минералды бояулармен салынған 702 сурет пен таңба тіркелген.
Көкентау кешенінің басты ерекшелігі – бейнелердің едәуір бөлігінің жай көзге мүлде байқалмауы. Уақыт өте келе белгілер тас бетіне сіңісіп, суреттер визуалды түрде өшіп кеткен. Мамандардың бағалауынша, бейнелердің шамамен төрттен бірі тек цифрлық талдау арқылы ғана анықталған.

– Адам көзі оларды ажырата алмайды. Ал цифрлық алгоритмдер бояу ізін тастан «ажыратып», бейнені көне түріне барынша жақын күйде қалпына келтіруге мүмкіндік береді, – деп түсіндіреді зерттеушілер.
Қазақстан археологиясында алғаш рет жартас суреттері бар барлық үңгірдің үш өлшемді цифрлық көшірмесі жасалды. Бұл модельдер ескерткіштерді виртуалды түрде қарауға, суреттерді әр қырынан зерттеуге, түрлі визуализация сүзгілерін қолдануға және жартас бейнелерін табиғи ортасында талдауға жол ашады. Барлық цифрлық модель ашық қолжетімділікке орналастырылған.
– Біз ескерткішті цифрлық түрде толық тіркедік. Уақыт өте келе жартас бүлінсе де, оның бейнесі мен суреттері ғылым үшін сақталады, – дейді жобаға қатысушылар.
Зерттеу мұнымен шектелмейді. 2026 жылы ғалымдар жартас суреттерін салудың көне технологияларын – бояу құрамынан бастап қолданылған құралдарға дейін қайта жаңғыртуға бағытталған археологиялық эксперименттер жүргізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар жоба білім беру бағытымен жалғасады. Өскемен қаласындағы музей алаңдарында балалар мен жасөспірімдерге арналған интерактивті сабақтар ұйымдастырылып, көне бейнелеу өнері, цифрлық жаңғырту және эксперименттік археология тақырыптары қамтылады.
Зерттеу авторларының пікірінше, заманауи технология, ғылым және ағартудың тоғысуы Қазақстанның ежелгі тарихының жаңа беттерін ашып қана қоймай, бұл мұраны болашақ ұрпаққа түсінікті әрі сақталған күйде жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан аумағында ондаған жаңа археологиялық нысан анықталғаны туралы хабарланған болатын.