ШҚО кәсіпкерлері «Нұр Отан» аудандық филиалына жаңа кеңсе ғимаратын табыс етті
ӨСКЕМЕН. 31 қазан. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Көкпекті ауданында «Нұр Отан» партиясының активімен кездесіп, Астанада өткен партияның 15-ші съезінде көтерілген мәселелер жайында айтып, бағдарламалық құжаттар мен елордада өткен жиында қойылған міндеттерді атап көрсетті.
Көкпекті аудандық партия филиалы өкілдерінің Б.Сапарбаевпен кездесуі «Нұр Отанның» аудандық бөлімінің жаңа кеңсесінде өтті. Оны жергілікті кәсіпкерлер сыйға тартты. Көкпекті ауданының іскерлері бос жатқан ғимаратты сатып алып, онда күрделі жөндеу жүргізген.
Көкпектіліктердің айтуынша, іскерлердің құны 5 млн. теңге болатын сыйлықты жасауы Шығыс Қазақстан облысында бес жыл бойы өткізілген «Туған жер - алтын бесігім» акцияның арқасында мүмкін болып отыр.
Жаңа стандарттар бойынша салынған ғимаратта жастар ұйымдарының кабинеттері мен ХҚО орналасқан.