ШҚО: Мектеп директоры мен бас есепші 2,3 млн теңгені жымқырғаны үшін 5 жылға сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аягөз аудандық соты мектеп директоры С.Естемісоваға және бас есепші Қ.Оразаеваға қатысты қылмыстық істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, С.Естемісова жеке басының пайдасы үшін қызметтік құзыретін пайдаланған. Ол Қ.Оразаевамен алдын ала сөз байласып, өздеріне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену мақсатында 2014-2015 жылдар аралығында 2 340 744 теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз иемденген.
Сот С.Естемісова мен Қ.Оразаеваны ҚР ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігі, 1, 2-тармақтары бойынша (мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адамның не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алуы) кінәлі деп таныды.
С.Естемісова, Қ.Оразаева мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.