ШҚО-ның бірнеше ауданында жауған қар мөлшері нормадан әлдеқайда жоғары

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының кей аудандарына биыл қар қалың түсті. 

ШҚО-ның бірнеше ауданында жауған қар мөлшері нормадан әлдеқайда жоғары
Фото: Тимур Смағұлов

«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметінше, облыстың жазық аумақтарының басым бөлігінде қар мөлшері нормадан 112-146% жоғары.

Метеостанциялар деректеріне сәйкес, қар қорының орташа көпжылдық көрсеткіштен артуы Шемонаиха, Үлкен Нарын, Тарбағатай және Зайсан аудандарында ерекше байқалады.

– Қар жамылғысының биіктігі Марқакөл ауданында (Боран ауылы) 8 см-ден Алтай және Глубокое аудандарында 80-90 см-ге дейін жетеді. Ақпан айының бірінші онкүндігінде жауын-шашын мөлшерінің онкүндік нормадан артуы Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Глубокое аудандарында, Риддер және Өскемен қалаларында байқалды. Жалпы гидрологиялық жағдай тұрақты, - делінген ақпаратта. 

Өзендердің басым бөлігінде мұз қатқан, десе де кей жерлерде толық қатпағаны байқалады. Өзендердегі мұз қалыңдығы – 18-68 см. Бұқтырма су қоймасында – 30-72 см аралығында. 

– Ауа райы болжамына сәйкес, ақпан мен наурыз айлары жылы болады. Ауаның орташа температурасы облыстың көп бөлігінде климаттық нормадан 1-2° жоғары болжанып отыр. Наурыз айында облыс аумағы бойынша жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтіледі, - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін Кентау қаласында жаңбырдан кейін көшелерді су басқаны хабарланған.