ШҚО-ның табиғатты қорғау полициясы «Уылдырық-2012» операциясының нәтижесін шығарды
ӨСКЕМЕН. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан полициясы «Уылдырық-2012» операциясының басталуынан бері 640 келіден астам заңсыз ауланған балықты, ұзындығы 8 шақырым 102 торлы ау мен 12 қайықты тәркіледі.
Табиғатты қорғау полициясы қорытындыларды шығара отырып, уылдырық шашу кезінде ШҚО-ның Зайсан-Ертіс бассейнінің балық қорларын сақтау бойынша кешенді шаралардың өткізілгендігін атап өтті.
Табиғатты қорғау және ветеринарлық инспекция бөлімінің бастығы Батырхан Сүлейменовтың айтуынша, уылдырық шашатын орындарда, оларға апаратын көші-қон жолдарында, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда полицияның көшпелі бекеттері ұйымдастырылды, жолдар мен Бұқтырма су қоймасының жағалауына Ми-2 тікұшағымен патрульдеу жүргізілді.
«Уылдырық-2012» операциясының басталуынан бері (сәуірдің ортасы) 237 тәртіп бұзушылық анықталды - 196 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, Күршім ауданында балықты заңсыз аулау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, 750 мыңнан астам айыппұл төленді.
Балық аулау және балық қорларын қорғау ережелерінің күрделі бұзушылығы үшін сотқа 40 материал жіберілді (17 іс қаралды), 211 мың теңгеге айыппұл салынды.