ШҚО ормандарында жаз шыққалы бері 30-ға жуық өрт тіркелген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жаз шыққалы бері 29 рет өрт тұтанды.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша өрт қаупінің жоғары деңгейі әлі сақталып отыр.
— Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бері облыс бойынша 29 орман өрті тіркелді. Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстанда 48 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Департамент бөлімшелері полиция қызметкерлерімен және жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп, осы күнге дейін 620-ға жуық профилактикалық рейд өткізді, — делінген ақпаратта.
Мобильді топтар аумақтарды патрульдеп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылап, құрғақ өсімдіктерді заңсыз өртеу деректерін анықтауға кірісті. Рейдтердің нәтижесінде 174 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да жер үйден шыққан өрттен ерлі-зайыпты көз жұмғаны хабарланған.