10:50, 03 Сәуір 2015 | GMT +5
ШҚО полицейлері жоғалған 25 жылқыны тәулік өтпей тапты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 1 сәуірде ШҚО-дағы Аягөз ауданының полициясына жергілікті шаруа қожалығының басшысы келіп, Бидайық ауылына жақын орналасқан жайылымнан бір табын жылқысы жоғалғанын хабарлады. Келтірілген шығын 4 миллион теңгеге бағаланған.

Шаруа қожалығының жұмыскерлері 25 жылқының жоғалуы 25 наурызда анықтаған, бірақ жоғалған малды бір апта бойы өздері іздеген.
Аягөз АІІБ-де қылмыстық іс қозғалып, учаскелік және жедел қызметкерлерден үш іздеу тобы ұйымдастырылды.
Тәулік бойы ауданның жетуге жолы қиын жерлерінде мобильдік іздеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде барлық 25 жылқы шатқалдардың бірінен табылып, шаруа қожалығына қайтарылды.