ШҚО полицейлеріне 198 жаңа қызметтік автокөлік берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлеріне 198 жаңа қызметтік автокөліктің кілттері табысталды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

ШҚО полицейлеріне 198 жаңа қызметтік автокөлік берілді
Фото: ШҚО әкімдігі

Бұл ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Облыс әкімінің айтуынша, автопаркті жаңарту — құқық қорғау органдарына көрсетілетін жүйелі қолдаудың бір бөлігі.

2023 жылы өңір полицейлеріне 136 автокөлік берілген болатын. Ал биыл бұл қолдау көлемі едәуір артты — автопарк іс жүзінде толық жаңартылып, полиция бөлімшелері заманауи әрі сенімді техникамен қамтамасыз етілді.

ШҚО полицейлеріне 198 жаңа қызметтік автокөлік берілді
Фото: ШҚО әкімдігі

— Бұл шешім — мемлекет пен облыс тұрғындарының полиция қызметкерлеріне деген жоғары сенімінің көрінісі. Ішкі істер органдарының мамандары тәулік бойы қоғамдық тәртіпті күзетіп, шақыртуларға жедел әрекет етеді, түрлі жағдайларға тап болған азаматтарға көмек көрсетеді. Тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен адалдығының арқасында өңірде тұрақты әрі қауіпсіз орта қалыптасып отыр, — деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Берілген автокөліктер қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтылған. Бұл әсіресе шалғайдағы ауылдық округтерде жұмыс істейтін полицейлердің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Техникалық мүмкіндіктердің артуы патрульдік бөлімшелердің, жедел-тергеу топтарының және басқа да қызметтердің жұмысын жақсартуға жағдай туғызады.

ШҚО полицейлеріне 198 жаңа қызметтік автокөлік берілді
Фото: ШҚО әкімдігі

Полиция автопаркін жаңарту қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және құқық қорғау органдарының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламалар аясында алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Бұдан бұрын ТЖМ авиациялық паркі кез келген аумаққа қона алатын ұшақпен толыққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар