10:42, 01 Қыркүйек 2024 | GMT +5
ШҚО шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы «Ертіс» шахтасында көз жұмған 4 адамның отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Ертіс» шахтасында қаза болған жұмысшылардың отбасыларына барып, көңіл айтты. Жұмысшылардың екеуі «Шығыстүстімет» ЖШС-ның, екеуі мердігер ұйымдардың қызметкері. Тағы бір зардап шеккен жұмысшы ауруханаға жатқызылды.
«Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Бұл үшін облыстық жедел штаб құрылған. Қазір арнайы комиссия қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр», - дейді өңір басшысы Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, кеше Шығыс Қазақстан облысындағы «Ертіс» шахтасында 4 адам қаза болғаны хабарланған.