ШҚО студенттері пандемия уақытында аудандық ауруханаларға көмектесуде

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанда медициналық оқу орындарының студенттері пандемия уақытында аудандық ауруханаға көмектесіп, науқастарды емдеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Семей медициналық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО студенттері пандемия уақытында аудандық ауруханаларға көмектесуде

Университет өкілдерінің айтуынша, ауылдардағы медициналық ұйымдарда жас мамандардың жетіспеушілігі баяғыдан бар. Пандемия кезінде бұл проблема тіпті өткір болып тұр. Аудандардағы әріптестеріне қолдау көрсету үшін Семейдегі медуниверситеттің үздік студенттері, соның ішінде анестезиолог-реаниматолог Ернар Қожамбердинов көмек көрсетуге бел буған.

Жас маман дәрігер болуды бала кезден армандапты. Әйтсе де ол күндердің күнінде әлем қауіпті вируспен бетпе-бет келетінін, тіпті барлық ел зардап шегетінін елестете алмаған екен. Індет елімізді құрсауына алғандықтан жас жігіт оған қарсы күрестен сырт қала алмапты.


«Бала кезімнен дәрігер болғым келді. Өйткені олардың жұмысы қаншалықты маңызды екенін, адамдарға қалай көмектесетінін, халықтың өмірі мен денсаулығы үшін қалай күресетінін көрдім. Сондықтан мектепті бітіргеннен кейін мен өзім үшін қай университетті таңдайтынымды білдім. 2011 жылы Семейдегі университеттің «Жалпы медицина» мамандығы бойынша ақылы бөлімге оқуға түсіп, бір жылдан кейін білімімнің жақсы екенін көрсетіп, КТА-ны қайта тапсырып, грантқа ие болдым. 2017 жылы бакалавр дәрежесін алдым. Екі жыл «Хирургия» мамандығы бойынша интернатурада оқып, қазір «Анестезиология және реанимация, оның ішінде балаларды емдеу» мамандығы бойынша оқитын бірінші курстың резидентімін», - деді Е.Қожамбердинов.


Бүгінгі күні жас маман Үржар ауданының Мақаншы ауылындағы аудандық ауруханада әріптестерімен жұмыс істеуде.

«Өзім шағын ғана Шар қаласынанмын. Балалығым, мектептегі кезім сол жерде өтті. Сол себепті аудандық ауруханаларға мамандардың жетіспей жатқанын бұрыннан білем. Мақаншыға келгеніме қуанамын. Аудандық аурухананың ұжымы - шағын болса да берекесі жарасқан адамдар», - дейді жас маман.

Аудандық ауруханада реаниматолог болып жұмыс істейтін Ернар провизорлық аурухананың таптырмас қызметкері атанып отыр. Неге десеңіз, кейінгі кезде мұнда пневмонияның ауыр түріне шалдыққан пациенттер көбейіп кеткен екен. Жас маман өзінің аға-әріптестерімен бірге адам өмірін сақтап қалу және вирустың одан әрі таралуын болдырмау үшін қолдан келгенінің бәрін жасауда.

«Жалпы, менің негізгі жұмысым интенсивті терапия саласы. Алайда қазіргі пандемияға байланысты жұмысты таңдап-талайтын емес - провизорлық ауруханада кеңес беремін. Өкінішке қарай науқас көп, көбі өкпені жасанды желдету аппаратын қажет етеді. Кешікпей, өкпенің интубациясын уақытында жүргізу маңызды. Мұндайда әр секунд қымбат. Бақытымызға орай, бұл жерде мықты команда бар. Біздің тәжірибелі реаниматологымыз Жандос Талғатұлы әрқашан көмектесуге және қолдауға дайын. Штатта үш хирург бар. Қанша қиын болса да, біз күресіп жатырмыз», - дейді Ернар.

Реаниматологтың жұмыс тәртібі тығыз. Жас маманға қазіргі жағдайға бейімделуден басқа амал да жоқ екен. Қателікке жол берудің құны – адам жаны. Біліктілік пен білім, дарын – өз нәтижесін беріп, Ернар өзіне артылған міндетті жақсы атқарып жатыр.

«Иә, оңай болмаса да барымызды салып жатырмыз. Науқастың жағдайына байланысты ем-дом жүргізіп, интубация және басқа реанимациялық шараларды жасаймыз. Бірақ кейде бәріне дайын болу мүмкін емес. Мәселен, таяу күндері скарлатинаның өткір формасымен 13 жастағы қыз бала түсті. Ауруына байланысты интоксикация анықталды. Алдымен біз оның диагнозын анықтай алмадық, өйткені педиатр демалыста еді. Негізінен, ауруханада осы мамандық бойынша дәрігерлер жетіспейді. Мен бұрын өз тәжірибемде скарлатинамен, әсіресе ауыр түрімен кездескен емеспін. Бірақ біз оны дер кезінде анықтап, емдеуді бастадық. Үшінші күні қыз бала біртіндеп қалпына келе бастады», - дейді реаниматолог.

Тамыз айының ортасында Ернардың аудандық ауруханадағы жұмысы аяқталады. Жас резидент үшін бұл теңдессіз тәжірибе, ал аудандық аурухана үшін айтарлықтай қолдау. Ерлан әлі резидентурада екі жылдай оқуы керек. Ары қарай қайда барып жұмыс істейтінін жас маман шешпепті.

«Ең бастысы пандемияны еңсерсек болды. Адамдарды құтқарып қалуымыз керек. Одан кейін көре жатармыз», - дейді Ернар.