СҚО-да күн жылынғалы кене шаққан 350 адам дәрігерге қаралды

кене
Фото: pexels.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 1 сәуірден бастап 350 адамды кене шақты. Десек те, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,3 есеге төмен.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, былтыр сәуір-маусым аралығында 454 адамды кене шаққан. Биыл қансорғыштан зардап шеккендердің 29%, яғни 103-і – 14 жасқа дейінгі бала.

«Кене шағудың эпидемиялық маусымы қазан айына дейін жалғасады. Биыл кене энцефалиті және Лайм боррелиозы тіркелмеді. Жалпы кене - кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы немесе Лайм ауруы, геморрагиялық қызба және т.б. сияқты көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғышы ретінде қауіпті», - дейді Арман Күшбасов.

Кене энцефалитінің вирусы адамға негізінен иксод кенелер арқылы беріледі. Кенені езгенде немесе шаққан жерді тырнағанда вирус тері арқылы жұғуы мүмкін.

«Кене шаққан жағдайда оны күшпен жұлып алуға тырыспаңыз. Басы денеде қалып қойып, қатты қабыну реакциясын тудыруы мүмкін. Кене шағып тұрған жерге этил спиртін немесе одеколон тамызып, кейін жәндіктің басы қалып қойматындай лассо-қаламымен, пинцетпен немесе қарапайым жіппен тартып алыңыз. Кенені пластик ыдысқа немесе бөтелкеге салып, екі күн ішінде оны зертханаға апару керек. Жараны йодпен немесе спиртпен өндеңіз», - дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, кенені алу үшін майды, майлы кремді қолдануға болмайды. Бұл жағдайда ол демала алмай, сілекей мен қоздырғыштарды рефлекторлы түрде қанға жібереді, осылайша инфекция жұғу қаупін арттырады.

Бұған дейін СҚО «Жезқазған-Петропавл» автожолында көлік жүргізушісі абайсызда жолға шығып кеткен қойларды қағып кеткенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар