11:36, 14 Наурыз 2014 | GMT +5
ШҚО тұрғындарының «Шығысэнерготрейд» ЖШС-на қарызы 1 млрд. теңгеден асқан
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Электр энергиясын тұтынушылардың «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы борышы 1 млрд. теңгеден асып кетті. Компания 17 наурыздан борышкерлерді электр энергиясымен қамтуды тоқтатпақ.
Бүгін таратылған хабарламада жазылғандай, бүкіл Шығыс Қазақстан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуді шектемес үшін, олар борышкер тұтынушыларға электр қуатын беруді тоқтатуға мәжбүр.
«Шығысэнерготрейд» ЖШС бас директоры Вячеслав Аксеновтың сөзіне қарағанда, Семей қаласының «Жылукоммунэнерго» МҚК коммуналдық кәсіпорны алдындағы дебиторлық қарыз 700 млн. астам теңгені құрайды. Электрмен жабдықтаушылар қыс мезгілінде мұндай әрекетке бармауға тырысқан. Мұны пайдаланған кей тұрғындар борыш жөніндегі ескертулерге қарамастан, қарызға белшесінен бата берген. Электр энергиясы үшін төлемақыны уақытылы төлемеу оны сөндіруге ғана емес, сонымен бірге қуат көзін қайта қосу кезінде қосымша шығындануға әкеледі.