ШҚО тұрғыны 9 жыл бойы әкесінің зейнетақы карточкасын бермей келген
Өзгеден емес, өзегін жарып шыққан ұлынан зәбір көрген қария амалы таусылған соң Облыстық прокуратура жанындағы құқық қорғау қызметінің орталығына жүгініпті. Банкоматтан зейнетақы алатын картаны иемденіп алған азамат 2009 жылдан бері әкесін зар қақсатып келген. Өтініш негізінде зейнеткердің ұлы облыстық прокуратураға шақырылған. Құрамында прокурор, адвокат, сот орындаушысы, медиатор, психолог және құқықтық статистика мамандары бар жұмыс тобымен кездскен соң, азамат банкомат картасын әкесіне қайтарып берген. Орталық өкілдері соңғы бір жылдың ішінде ғана түрлі көмек сұрап 3000 адам жүгінгенін айтады.
Жалпы 2018 жылы облыстық прокуратураға тұрғындардан 15 мың арыз түскен.
«Арыздарды қарау барысында 2000 азаматтың құқығы қорғалды. Түскен арыздардың тең жартысы қылмыстық процестің сотқа дейінгі тергеу мәселелеріне қатысты болған. Одан кейінгі кезекте сот шешімдерімен келіспеу туралы арыздар тұр. Өтініштер мен арыздардың 40 пайызы біздің құзыретімізден тыс мәселелерді қамтығандықтан, тиісті органдарға қайтара жолданды» - дейді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің басшысы Әсел Момынжанова.