ШҚО заңсыз алтын өндіру бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері заңсыз алтын өндіру бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды.

ШҚО заңсыз алтын өндіру бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды
Фото: ШҚО ПД

Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, түрлі санаттағы 250-ден астам кен орны бар. Оның ішіндегі 25-і алтын кен орны.

— Пайдалы қазбалардың заңсыз өндірілуінің алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Прокуратура, ҰҚК өкілдерінің, полицейлердің, экологтар мен басқа да құзырлы органдардың қатысуымен рейдтер жүргізіліп, соның нәтижесінде жыл басынан бері заңсыз алтын өндіру фактісі бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды. Барлығы 7 келіден астам алтын мен 30-ға жуық техника тәркіленді, — дейді басқарма басшысы Исатай Аңсат.

Сондай-ақ рұқсаты бар жер қойнауын пайдаланушылар алтынды мұнай өңдеу фабрикаларына жеткізу мәселесімен ұшырасып жатыр. Себебі алтын кемінде 5 келі мөлшерде қабылданады.

— Жалпы өңірдің геология бағыты қарқынды дамып келеді. Бүгінде ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға құны 552,9 млрд теңге болатын тау-кен өндіру саласындағы 6 жоба енгізілді. Бұл жобалар аясында 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ, — деді И.Аңсат.

Еске салсақ, биыл тамыз айында Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы алтын қазушыларға қатысты тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар