16:37, 29 Мамыр 2015 | GMT +5
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы ауысты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын Берік Бейсекенов басқаратын болды. Басқарманың жаңа басшысын ұжымға ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар таныстырды.

Берік Сәрсенбекұлы Бейсекенов 1961 жылы 23 ақпанда ШҚО Үржар ауданында дүниеге келген. Мамандығы бойынша - инженер-құрылысшы, заңгер, халықаралық қатынас саласындағы маман - дипломат.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы құрылыс басқармасында шебер, прораб қызметінен бастап, кейін басқарма басшысы болды.
Әр жылдары «АлмасТ» және «Абылайхан» ЖШС кәсіпорындарының бас директоры, Алматы облысы бойынша кеден басқармасының бастығы, «Қалжат», «Достық», «Қорғас» кеденінің бастығы, Үрімжіде (ҚХР) бас консул болған.
Соңғы жұмыс орны - Алматыдағы «Жай-Тобе» ЖШС компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. ҚР құрметті құрылысшысы.