Шілдеде алаяқтық транзакцияларды анықтайтын Антифрод-орталығы іске қосылады

нацбанк
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылдың шілдесінде алаяқтық транзакцияларды анықтап, жедел ден қоятын Антифрод-орталығы іске қосылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің жауабында айтылған.

«Қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында Ұлттық банк Мәжілістің депутаттық корпусының қолдауымен 2024 жылғы 21 мамырдағы № 86-VIII «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қабылданған Антифрод-орталықты құру жөнінде заңнамалық түзетулер әзірледі», - деп атап өтеді Тимур Сүлейменов жауабында.

Оның атап өтуінше, Заңды іске асыру мақсатында Ұлттық банк қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасу, сондай-ақ алаяқтық операцияларға ден қою үшін Антифрод-орталық инфрақұрылымын іске асырады. Орталықтың мынадай міндеттері бар:

- алаяқтық транзакцияларды анықтау және оларға жедел ден қою, оның ішінде олар бойынша қаражатты бұғаттау (транзакцияны бастамалау мен орындаудың барлық кезеңдерінде тоқтата тұру);

- алаяқтық операциялар бойынша қаржы нарығына қатысушылар арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасу;

- алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізу, алаяқтық белгілері бар төлем операцияларын талдау және қаржы ұйымдардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру.

«Осылайша, алаяқтық операциялардың белгілері бар азаматтардың шоттарын бұғаттау тетігі Заң жүзінде қалыптасқан деп санаймыз. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің еншілес ұйымы - «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ базасында 13 банктің және «Қазпошта» АҚ-тың қатысуымен тестілік режимде жұмыс істейтін Антифрод-орталық платформасы әзірленді. Алаяқтыққа байланысты инциденттермен жұмыс істеу және қаржы ұйымдарымен ақпарат алмасу бөлігінде жеке функционал әзірленген ішкі істер органдары платформаға қосылу сатысында тұр», - деді ол.

ҰБ төрағасының дерегінше, Антифрод-орталықты өнеркәсіптік енгізу Заң қолданысқа енгізілген сәттен, яғни 2024 жылғы 22 шілдеден бастап жоспарланып отыр.

«Ұлттық банк алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетігін құру мәселесіне басымдық беретінін атап өтеміз. Осыған байланысты Антифрод-орталық базасында алаяқтық қызметті жүзеге асыру әдістерін талдау және заңсыз ойын бизнесі мен есірткі айналымын қоса алғанда, құқыққа қарсы операцияларға қарсы күрес жөнінде пәрменді шаралар әзірлеу жөніндегі құзыреттер орталығы құрылатын болады», - деді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар