Шілденің 10 күнінде Қазақстанда 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласында полицейлер 26 жастағы тұрғынды ұстады. Оның жеке тінтуі мен жалға алған пәтерін тексеру барысында сатуға дайындалған 245 грамм а-PVP синтетикалық есірткісі салынған 227 орама тәркіленді.
ІІМ мәліметінше, шілде айының алғашқы онкүндігінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті аумақтық бөлімшелермен бірлесіп 187 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 86 қылмыстық теріс қылық пен 101 қылмыс тіркелген.
– Он күн ішінде есірткіні өткізудің 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың 4, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егудің 40 фактісінің жолы кесілді. Сондай-ақ есірткі контрабандасының 4 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 266 келі прекурсор мен 760 келі есірткі, оның ішінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Ведомство жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттер арасында профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.
– Алғашқы онкүндікте 6 мыңға жуық жасөспірім мен жасты қамтыған 145 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жастардың есірткі ортасына тартылуының алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастырады, – деді Елдар Әбдікенов.
Айта кетейік, Алматыда есірткіге қарсы жаңа мурал пайда болды.